Forward from: Құран жайлы лайфхактар
Бараат – дұғалар қабыл болатын түн. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шағбан айының жартысы толғанда түнін намазбен, күндізін ораза ұстаумен өткізіңдер. Өйткені Алла Тағала күн ұясына батқанда: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін. Қане, не сұраушы бар?» – деп таң шапағы атқанға дейін рақымын төгеді», – деген. (Ибн Мәжа). Сондықтан Шағбан айын көп құлшылықпен өткізуіміз керек. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл айда көп ораза ұстаған. Айша (Алла одан разы болсын) анамыздан жеткен хадисте: «Алла елшісінің Шағбан айында ұстағандай көп ораза ұстағанын (басқа айда) көрмедім», – деген. Әсіресе Шағбан айының 13, 14, 15 күндері ораза ұстаған абзал. Сондай-ақ бұл түннің басқа түндерден айырмашылығы Бараат түнінде күн ұясына батқаннан бастап Алла Тағалаға құлшылық жасап, дұға ете беруге болады. Ал басқа түндерде ол түннің соңғы бөлігінде. Осы түнді жақсылап пайдаланып, Алла Тағаладан күнәмызды кешіруін, мұқтаждығымызды, уайым-қайғымызды кетіруін және адал ризық-несібе сұрап, көп дұға қылуымыз керек. Имам Шафиғи: «Бес түн бар, ол түндерде тілеген дұғалар кері қайтарылмайды» деп, соның ішінде Шағбан айындағы Бараат түнін де айтқан.